
Халықаралық ынтымақтастық
ЕҰУ мен ТШТУ (METU) арасындағы академиялық және ғылыми ынтымақтастыққа арналған онлайн кездесу
2026 жылдың 24 сәуірінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті механика-математика факультеті мен Таяу Шығыс техникалық университеті (METU) арасында Zoom платформасында онлайн кездесу өтті.

Кездесу барысында тараптар бір-біріне құттықтау сөздерін арнап, өз факультеттерінің ғылыми бағыттарын таныстырды, сондай-ақ криптология білім беру бағдарламасы туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар, Erasmus және Erasmus+ бағдарламалары аясындағы академиялық мобильділік мүмкіндіктері, бірлескен ғылыми жобалар жүргізу, сондай-ақ қонақ дәрістер мен қысқамерзімді курстар ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Тараптар ғылыми жетекшілік саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударып, Таяу Шығыс техникалық университеті (METU) профессорларын магистранттар мен докторанттарға сыртқы ғылыми жетекші ретінде тарту мүмкіндігін қарастырды. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының ұлттық ғылыми бағдарламалары аясында халықаралық әріптестік негізінде бірлескен гранттық жобаларға қатысу перспективалары сөз болды.

Кездесу барысында презентациялар ұсынылып, ашық пікірталас ұйымдастырылды және қатысушылар сұрақ-жауап сессиясында өзара пікір алмасты.
Телекөпір сындарлы және іскерлік атмосферада өтті, бұл тараптарға академиялық және ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытудың нақты бағыттары мен келесі қадамдарын айқындауға мүмкіндік берді.
