
Ашық есік күніне жазылған үндеу
Бәсекеге қабілетті ел азаматтары- бәсекеге қабілетті мемлекеттің негізін құрайды. Мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі елдегі техникалық ғылымдардың дамуы деңгейімен тығыз байланысты. Техникалық ғылымдар , ең бірінші ретте, математикаға сүйенеді. Сондықтан, елдегі математикалық білім беру мәселесі мемлекеттік деңгейдегі мәселе болып табылады. Әр ел перзентінің математикалық білімділігі мен сауаттылығы математика мұғаліміне байланысты болатыны да даусыз. Ендеше, сапалы математика мұғалімдерін дайындау мемлекеттік маңызды шара болып табылады.
Астана өңірінде бұл мәселені шешуге ертеде Целиноград мемлекеттік педагогикалық институты қол салысып келсе, қазіргі кезде бұл міндет аталмыш білім ордасын Целиноград құрылыс институтымен біріктіруі негізінде пайда болған Еуразия Ұлттық университетінің мойнында, дәлірек айтсақ, сол университеттің Механика-математика факультетінің мойынында.
«Мехмат» факультеті бес кафедрадан құралған. ЕҰУ студенттерінің жоғары математикадағы білімдерін қалыптастыру мен жетілдіру осы кафедралардың міндеті. Алайда, математика мұғалімдерін даярлау міндеті үшін жауапты ол – «Алгебра және геометрия» кафедрасы. Кафедра «Жоғары алгебра» мен «Жоғары геометриямен» қоса мектептік математиканы оқыту мәселелерімен байланысты пәндер циклін жүргізеді. Бакалавриат бөлімінде «Математиканы оқытудың жалпы әдістемесі» және «математиканы оқытудың жеке әдістемесімен» байланысты бірқатар пәндер оқытылса, магистратурада болашақ мектеп мұғалімдерінің кәсіби дайындығымен байланысты пәндер циклі тереңдетіп оқытылады. Кафедраның Ұлттық университет құрамында бой көтеруіне «Нагата мәселесінің» шешімін тапқан, аты әлемге әйгілі Уалбай Өмірбаев себепкер болса, қазіргі кезде кафедрада, басқа мамандармен қатар, Өмірбаев мектебінің өкілдері де қызмет етуде.
Кафедра мамандарды келесі білім беру бағдарламалары бойынша дайындайды:
- 6В01509-Математика;
- 6В01508-Математика мұғалімдерін даярлау;
- 6В06307-Криптология
- 7М01509-Математика
- 7М01508-Математика
- 7М06308-Криптология
- 7М06307-Криптология
Біздің түлектер, негізінен, білім беру жүйесінде жұмыс атқарғанымен, іс жүзінде, олар мемлекеттік басқарма органдарында, банктерде, бақа да математикалық дайындықты керек ететін өндірістік орындарда қызмет атқарады, себебі математикалық әдістерді меңгерген, математикалық ақпарат пен математикалық білімнің түйініне жету білігі мен дағдыларын қалыптастыра білген түлектер болашақта кездесетін кез келген практикалық немесе басқа да өмірлік мәселелерді шеше алатыны күмәнсіз.
Математикаға хош келдіңіздер, талапкер-2023!
