
Криптология кафедрасының халықаралық ғылыми ынтымақтастығы: профессор Кайл Ганнонның сапары және Қытай университеттерімен бірлескен зерттеулер

2026 жылғы 20 қаңтарда криптология кафедрасында профессор Кайл Ганнон ғылыми баяндама жасады. Ол — Пекин университеті (QS және THE әлемдік рейтингтерінде ТОП-14 қатарына кіретін университет) және Beijing International Center for Mathematical Research өкілі. Баяндама академик Асан Дабысұлы Тайманов атындағы модельдер теориясы семинары аясында өтті.
Баяндаманың тақырыбы группалардың тікелей көбейтінділерінің автоморфизмдері және олардың теориялық-модельдік қасиеттеріне арналды. Қарастырылған алгебралық құрылымдар қазіргі заманғы алгебраның іргелі объектілеріне жатады және криптологияда, әсіресе криптографиялық жүйелердің симметриялары мен құрылымдық қасиеттерін талдауда маңызды рөл атқарады.
Криптология кафедрасының профессор Кайл Ганнонмен ғылыми ынтымақтастығы 2025 жылы басталды. Сол жылы ол Астана қаласында механика-математика факультетінің базасында өткен Сегізінші Қазақ–Француз логикалық коллоквиумында пленарлық баяндама жасады. Коллоквиумды профессор Д.А. Тусупов ұйымдастырды.
Кейіннен профессор Кайл Ганнон Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің логиктерін Қытайда өткен халықаралық ғылыми іс-шараларға қатысуға шақырды. Атап айтқанда, криптология кафедрасының доцент м.а. Мархабатов Н.Д. Фудан университеті (QS және THE әлемдік рейтингтерінде ТОП-30 қатарындағы университет) базасында өткен «Model Theory and Interactions in the Yangtze Delta» халықаралық конференциясында пленарлық баяндама жасады.
Конференция барысында қатысушылардың көпшілігі криптология кафедрасының доценті, белгілі логик және криптолог Е.Р. Байсаловтың ғылыми еңбектеріне сілтеме жасады. Конференция жұмысына университеттің докторанттары да қатысты.
Сонымен қатар, профессор Кайл Ганнонның шақыруымен алгебра және геометрия кафедрасының профессоры, модельдер теориясының классиктерінің бірі ретінде танылған Бекенов М.И., сондай-ақ Мархабатов Н.Д. докторанттар Жебей Ф., Мамыралы А. және криптология кафедрасының оқытушысы Ануарбеков А. Пекин университетінің ғылыми семинарында баяндамалар жасап, «Delta Logic» халықаралық конференциясына қатысты. Аталған іс-шаралар барысында группалар теориясының модельдік теориясы мен квазикөпбейнелер саласындағы жаңа ғылыми нәтижелер ұсынылды.
Барлық зерттеу жұмыстары мен ғылыми іссапарлар Мархабатов Н.Д. жетекшілік ететін AP26194247 «Заманауи криптологиядағы псевдоақырлы модельдер теориясы және концепт-торлар» гранттық жобасының қолдауымен жүзеге асырылды.
Криптология кафедрасы модельдер теориясының заманауи нәтижелерін криптологияның өзекті бағыттарына енгізе отырып, Қытай Халық Республикасының жетекші университеттерімен халықаралық ғылыми ынтымақтастықты жүйелі түрде кеңейтіп, нығайтып келеді.
